Бір айдың қорытындысы бойынша жедел жәрдем шақыру саны 38 процентке азайды
Қазақстан премьер-министрі Асқар Мамин күшейтілген карантиннің арқасында эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Almat.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
«Карантиндік шаралардың мерзімі 2 тамызда аяқталады. Жалпы, осы кезеңде эпидемиологиялық жағдай тұрақтанды, медицина ұйымдарының жүктемесі біршама азайды. Жазылып кеткендердің саны 63 пайыздан асты. Вирус жұқтырудың тәуліктік өсімі 4 пайыздан 1,7 пайызға дейін азайды», – деді Мамин үкімет отырысында.
Айтуынша, ауруханалардағы орындардың жүктемесі 46 пайызға дейін төмендеді.
Бір айдың қорытындысы бойынша жедел жәрдем шақыру саны 38 процентке азайды.
Премьер барлық өңір дәрі-дәрмектің жеткілікті қорымен қамтамасыз етілгенін атап өтті.
«Осыған орай, эпидемиологиялық жағдайды одан әрі жақсартуымыз қажет», – деді ол.
Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрлігі карантинді біртіндеп жеңілдету жоспарын ұсынды.
«Ағымдағы жағдайды және осы айдың қорытындысын ескере отырып, Мемлекеттік комиссияның отырысында бұл жоспар қарастырылып, тиісті шешім қабылданады», – деді Мамин.