Мысырдан ПТР анықтамасыз ұшып келген 2 жолаушы әуежайдан қашып кетті

23.10.2020 16:05

23 қазан күні түнде елімізге 11 рейспен 1291 жолаушы ұшып келді

strelkamag.com

329 қазақстандық елге ПТР анықтамасыз ұшып келді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Бүгін түнде Шарм-эль-Шейхтан ПТР анықтамасыз ұшып келген Нұр-Сұлтан қаласының 2 тұрғыны ПТР сараптама тапсыру үшін карантинге апаратын арнаулы автобусқа отырғызу барысында әуежайдан қашып кетті. Көліктегі полиция қызметкерлері шұғыл арада олардың тұрғылықты жерлерін анықтап, карантиндік стацонарға жеткізді»,– деп жазды ҚР Көліктегі бас мемлекеттік санитар дәрігер Садуақас Байғабылов. 

23 қазан күні түнде елімізге 11 рейспен 1291 жолаушы ұшып келді. 

«Оларды 962-сінде ПТР анықтама болса, 329 жолаушыда анықтама болмай шықты. Бұл ретте Нұр-Сұлтан қаласына 5 рейспен келген 522 жолаушының 373-інде анықтама болса, 149-ында анықтама болмады. Алматыға 5 рейспен 728 жолаушы келді. Оның 548-і анықтамамен, 180-і анықтамасыз жеткен. Ал Ақтауға 1 рейспен жеткен 41 жолаушының барлығының анықтамасы бар»,  деді санитар дәрігер.

Оның атап өтуінше, анықтамасыз ұшып келген Қазақстан азаматтары ПТР сараптама тапсыру үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиндік стационарға жатқызылды. 

«Жолаушылар Түркия, Мысыр, БАӘ, Беларусь, Грузия және Ресейден халықаралық әуе рейстерімен келді», – деді ол.