Алматы облысында 89 жастағы қария коронавирустан емделіп шықты, деп хабарлайды Almaty.tv Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысында коронавирустан айыққан 2 адам Кеген ауданы мен Қапшағай қаласының тұрғындары. Олардың біреуі – 1962 жылы туған азамат, екіншісі - 89 жастағы қария. Бұл туралы
1931 жылы дүниеге келген Кеген ауданының тұрғыны Күмісхан Оразақынова Шелек ауылындағы аудандық ауруханада 4 мамырдан бастап ем қабылдаған. Аталған аурухананың бас дәрігері Гүлнар Кураметованың айтуынша, пациент ауруханаға түскен кезде жағдайы орташа ауырлықта болған.
«Ауруханаға түскен кезде пациенттің жас ерекшелігін ескере отырып, реанимация бөліміне орналастырдық. Өйткені қан қысымының жоғары болуы кез келген ауруды асқындыруы мүмкін. Сондықтан қатаң бақылауда ұстадық. Бүгін пациент коронавирус инфекциясынан толық айығып шықты», - деді бас дәрігер.
Қазір індеттен айыққан 2 тұрғынның да жағдайы жақсы, денсаулықтарына шағымы жоқ.
Сөйтіп, Алматы облысында COVID-19 инфекциясынан жазылғандар саны 178-ге жетті.