22 маусымнан бастап зертханалардың қуаттылығы артады
Алматы қаласы әкімінің тапсырмасы бойынша Алматы қаласында коронавирустың таралуына жол бермеу жөнінде Комиссия құрылды. Әкімдік жанындағы комиссия коронавирус инфекциясына қатысты қалыптасқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, COVID-19 таралуына жол бермеу үшін қосымша шараларды қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Атап айтсақ, 22 маусымнан бастап зертханалардың қуаттылығы артады. Бүгінгі күні ПТР тестілеу алты арнайы мамандандырылған зертханаларда жүргізіледі. Тәуекел санатына жататын адамдар ғана тестілеуден тегін өтеді. Сонымен қатар, ақылы түрде ПТР әдісімен тестілеуден өтуге болады.
«Олимп» зертханасының жұмысы қайта қолға алынады. 24 маусымнан бастап «Нұрлы тау» бизнес орталығы жанындағы қоршаулы пункті бар зертхана жұмысын бастайды. Ал, 26 маусымда «Атакент» ҚІЫО аумағындағы тәулігіне 1 мыңға жуық тестілеу жүргізетін жетінші зертхана келушілерді қабылдай бастайды. Аталған зертханада тәулігіне 5 мыңға дейін тестілеу жүргізуге болады.
КВИ жұқтырған науқастарға медициналық көмек қолжетімді болуы үшін 22 маусымнан бастап жедел медициналық көмек ауруханасының базасында бұрыннан бар 600 провизорлық орын жанына тағы да қосымша 300 орын қосылады. Бірқатар медициналық мекемелерді қосымша бейімдеу барысында инфекциялық төсектер саны артады.
Алматыда коронавирус инфекциясын жұқтырғаны расталған науқастарды 9 инфекциялық стационар қабылдауда, бұларда 1409 науқас ем алып жатыр. Қазіргі кезде 14 науқастың жағдайы өте ауыр, 131 пациент ауыр жағдайда, ал 937 науқастың жағдайы орташа.
Бұлардан өзге, көпбейінді стационарлар штатты режимде жұмыс жасауда, олар науқастарды тәулік бойына, тіпті жедел түрде қабылдайды.
Өкпенің қабынуы (пневмония) диагнозын дер кезінде анықтау үшін компьютерлік томографиялық тексеруді ұсынатындардың реестрі жасалды. Олардың арасында мемлекеттік клиникалармен қатар жеке медициналық қызмет көрсететіндер де бар. Тағы 2 компьютерлік томография қосымша сатып алынды. Қаланың барлық емханаларында рентгенография кабинеттері жұмыс істеуде.
Халықпен кері байланысты қамтамасыз ету үшін қалада Қоғамдық денсаулық басқармасының бірыңғай байланыс орталығы жұмыс жасауда, оған 3000-103 нөмірі арқылы хабарласуға болады, бұл байланыс емханалардың call-орталықтарымен бір желіде.
Симптомсыз науқастар жағдайларының ауыр немесе жеңіл екенін анықтау үшін мониторинг жүргізіледі. Бұл іспен әр емханадағы арнайы оқудан өткен мобильді бригада айналысады. Соның арқасында науқастарға сапалы медициналық көмек көрсетілуде.
Қаланың барлық медициналық ұйымдары қажетті дәрілермен қамтамасыз етілген. Олардың жеткілікті қоры бар.
Жүзеге асып жатқан осынау қосымша пәрменді шаралар COVID-19 індетіне қарсы күрестің тиімділігін арттырып, жағдайды тұрақтандыруға оң ықпалын тигізетін болады