Үш күндік карантин кезінде студенттерді 90-нан астам медицина қызметкері тәулік бойы бақылауда ұстады
13 ақпан күні Қытай Халық Республикасында білім алатын 171 студент Алматыға жеткізіліп, олардың барлығы қатаң түрде медициналық тексеруден өтті. Тексеру нәтижесінде студенттердің ешқайсысы короновирус жұқтырмаған. Олар 3 күн бойы дәрігерлердің бақылауында болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
13 ақпан күні Ұлттық шұғыл медициналық үйлестіру орталығы Қытайдан Алматыға 211 қазақстандықты алып келді. Олардың 171-і студенттер. Ұшақ бортына көтерілген кезде оларға медициналық тексеру жүргізілген. Алайда ешқайсысында коронавирус белгілері анықталмады. Жолаушылар мен экипаж мүшелері қалаға жеткеннен кейін де екі кезеңнен тұратын тепловизорлық тексеруден өтті. Елге оралған азаматтар Алматы қаласындағы жет жақта оқшауланған инфекцияға қарсы бөлімге жеткізілді. Арнайы корпуста 3 күн дәрігерлердің қарауында болды. Жағдай тұрақты. Орталық 240 адамаға алдын-ала дайындалған еді. Қажетті дәрі-дәрмектер және тағамдармен толық қамтылған.
«Қытайдан азаматтарымызды алып келдік. Оның ішінде ауру тіркелген провинциялардан 12 адам болды. Біріншіден соларды изоляцияға жатқыздық. Қалғандарының бәрі 171 адам бүгін тесттен өткен. Ауру жоқ, бәрі таза. Багаж да тексерілді, қол құжаттарының бәрі тексереліп бітті», – деді алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат МОЛДАҒАСЫМОВА.
Ақниет Айдарбек Қытайдағы Ченду қаласында оқиды. Оңтүстік - Батыс университетінің 2-курс студенті. Түркістан өлкесінің тумасы. Алматы қаласындағы университетті бітіргеннен кейін білімін шет мемлекетте жалғастыруды көздейді. Елге келгеніне қуанышты. Сабақтарын уақытша тоқтатыпты. Бірақ мұғалімдері қашықтықтан оқыту жалғасатынын хабарлаған. Әлемде болып жатқан карантинге байланысты енді ол сабағын үйде отырып онлайн түрде оқитын болады.
«Осы сәтті пайдалана отырып мен Денсаулық сақтау басқармасына, елшілікке және Алматы қаласы әкімдігіне алғыс айтқым келеді. Біздің денсаулығымызды сақтау үшін мұндағылар сағат сайын дене қызуымызды тексерді. Бізге мұғалімдер уақытылы хабарласады. Почтамызға хат келеді. Оларға да жағдаймыз туралы күнбе-күн хабарласып отыруымыз керек», – деді студент Ақниет Айдарбек.
Үш күндік карантин кезінде студенттерді 90-нан астам медицина қызметкері тәулік бойы бақылауда ұстады. 3 сағат сайын олардың дене қызуы тексеріліп, арнайы психологтар жұмыстанды. Бүгінде жағдайы бірқалыпты студенттердің бәрі де үйлеріне жіберілді.
«Олар клиникадан шыққанан кейін де жергілікті жерлеріндегі емханаларында 14 күннің ішінде дәрігерлік бақылауда болады. Бұдан кейін бұл кісілердің болашақ қоғаммен араласуына, жұмысқа шығуына, оқуын жалғастыруына мүмкін болады», – деді қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Тілеухан ӘБІЛДАЕВ.
Еске сала кетейік, Қытайда қауіпті індеттің таралуы жоғарылағаннан кейін 3 ақпаннан бастап Үкіметтің шыққан қаулысына сәйкес көршілес елмен шекаралас барлық транспорттар тоқтатылған болатын. Қауіпсіздік үшін мамандар тұрғындардың аздаған уақыта шет мемлекетке шықпауын сұрайды.
Ұлағат Арғын, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы