Коронавирус: Көкшетауда жүкті әйел сау сәбиді дүниеге әкелді

20.11.2020 16:25

Қазіргі кезде нәрестенің және анасының жағдайы жақсы

Фото: ашық дереккөзден

Көкшетауда жақында ашылған жұқпалы аурулар орталығында емделіп жатқан алғашқы жүкті әйел аман-есен босанып, ұл баланы дүниеге әкелді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Жүкті әйелді Ақмола облысындағы үздік гинеколог, қалалық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Саржан Қалмұратов босандырып алды. 

«Әйелдің мерзімі жеткендіктен жұқпалы аурулар орталығының жүкті әйелдерге арналған бөлімшесінде шұғыл кесар тілігі арқылы босандырып алдық. Ұл бала дүниеге келді. Бәрі сәтті өтті»,–  дейді бас дәрігер. 

Қазіргі кезде нәрестенің және анасының жағдайы жақсы. Нәрестеден коронавирус инфекциясына алынған сынама теріс нәтиже көрсетті. Екінші ПТР тест үш күннен кейін алынады. 

Бүгінде жұқпалы аурулар орталығында коронавирус инфекциясын жұқтырған жүкті әйелдермен бірге жаңа туған нәрестелер де емделіп жатыр. Мұндағы науқастардың жалпы саны - 38 адам. 

Айта кетейік, Ақмола облысында коронавирус инфекциясына қатысты жағдай тұрақтала бастады. Сол себепті өңір қаупі бойынша сары аймаққа еніп отыр.