«Ауыл» апартиясының бастамасы еліміздің барлық өңірін қамтиды
«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының белсенді мүшелері ерекше челлендж бастады. Белгілі ақындар мен ел көлеміндегі шығармашыл тұлғалармен бірлесіп басталған ерекше бастама еліміздегі корнавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге арналады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
Партияның әлеуметтік желідегі парақшасында «Ақ қанатты періштедей ақ халатты абзал жандар» атты жыр челленджі еліміздің барлық өңірін қамтиды.
«Елге танымал ақындар бұл челендж арқылы бүгіндері короновирус індетіне шалдыққан жандардың дертіне дауа іздеп, күн демей, түн демей тынымсыз еңбектеніп жүрген дәрігерлер мен медбикелерге қолдау көрсетіп, жырларын арнамақ. «Ауылдық» ақындар ел басына күн туған сәтте алапат сынақтың алғы шебінде жүрген антына берік, кәсібіне адал ақ халатты абзал жандардың жанкешті тірліктерін өлең жырларына арқау етіп, өрнекті сөздерімен олардың жандарына қуат, көңілдеріне медеу беруді мақсат етеді», – дейді партия өкілдері.
Челленжді «Ауыл» партиясы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының белсендісі, елімізге танымал ақын, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Дәулеткерей Кәпұлы бастады.
Ол өз тарапынан еліміздегі ақындарды «Ауыл» партиясы бастаған «Ақ қанатты періштедей ақ халатты абзал жандар» челенжіне қатысып, дәрігерлер қауымына өлең-жыр, өрнекті сөзбен қолдау көрсетуге шақырды.