Алматыда коронавирус жұқтырғандар арасында 4 бала мен 80 жастағы қария да бар

25.04.2020 16:49

Шаһарда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 791 адамға жетті

ашық дереккөзден / открытые источники

Алматы қаласында коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 791 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Соңғы тәулікте мегаполисте 27 адам қауіпті инфекция жұқтырған, олардың барлығы бұған дейін ауырғандармен қарым-қатынаста болғандар, яғни провизорлық госпитальдарда карантинде жатқандар.

«Науқастардың арасында 13 әйел адам және 10 ер адам бар. Сондай-ақ, жаңадан анықталғандардың арасында 2, 5 және 10 жастағы үш ұл мен 4 жастағы қыз бала бар.

Инфекцияны жаңадан жұқтырған науқастардың ең үлкені – 80 жаста.

Инфекциядан сауығып шыққандар саны – 90, оның ішінде алтауы бала», - делінген Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабы хабарламасында.

Алматы облысынан келген бір науқасты қоса есептегенде, жұқпалы аурулар стационарларында коронавирус инфекциясынан емделіп жатқан 694 науқас бар. 

Бір науқастың жағдайы өте ауыр, 23 науқаста – ауыр, 200 адамның жағдайы – орташа ауыр, қалғандарында – қанағаттанарлық.

Провизорлық орталықтарда барлығы 485 адам бар, оның ішінде 11-і бала, карантиндік оқшаулауда 506 адам отыр, ал үй карантинінде 11128 азамат бар.

Толық көрсету