Қалған бес адамның талдау нәтижелері әлі тексеріліп жатыр
Коронавирустан көз жұмған әйелмен байланыста болған Алматы облысы тұрғындарының тест нәтижелері жария болды, деп хабарлайды Almaty.tv сайты.
Жедел штаб хабарламасына сәйкес, Алматы облысы аумағында қауіпті вирустан көз жұмған әйелмен тікелей қарым-қатынаста болған тағы жеті адам анықталды.
Қазіргі таңда олардың бәрі оқшауландырылып, талдау нәтижелері алынды.
«27 наурыз күні түнде төрт адамның талдау нәтижесі шықты. Талдау нәтижелері коронавирустың жоқ екенін көрсетті. Соған қарамастан, олардың бәрі дәрігерлердің бақылауымен карантинде қалады.
Қалған бес адамның талдау нәтижелері әлі тексеріліп жатыр», – делінген хабарламада.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау министрлігі бір әйелдің коронавирус инфекциясының әсерінен пневмониядан қайтыс болғанын жариялаған еді.
Кейінірек марқұмның Қазақстанның бірнеше аумағында қонақта болғаны анықталды.
Соңғы деректер бойынша Қазақстанда коронавирус жұқтырғандар саны 229 адамға жетті. Олардың 18-і ауруынан жазылып, үйлеріне шығарылды. Өкінішке қарай, қауіпті вирустан бір адам көз жұмды.