Жеке ұшақпен Германияға барып келген сот төрағасына қатысты тергеу басталды

27.03.2020 16:41

Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі Бөрпебаевқа қатысты жайтты тексеруді бастады

Ашық дереккөз

Қалалық сот төрағасы Тілектес Бөрпебаевтың жеке ұшақ жалдағанына байланысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Baq.kz.

Нұр-Сұлтан қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі ҚР Жоғарғы сотының ішкі қауіпсіздігімен бірлесе Нұр-Сұлтан қаласы сот төрағасы Тілектес Бөрпебаевқа қатысты жайтты тексеруді бастады.

"Тексеру барысында жеке ұшақты бизнесменнің жалдағаны анықталды. Аталған бизнесмен Бөрпебаевтың (құдасы) туысы болып отыр. Ұшақ Германияда медициналық операция жасау үшін жалданған. Бұл тұрғыда Жоғарғы сот комиссиясы Бөрпебаевтың судья этикасы талаптарын сақтауын тексеруде. Тексеру нәтижесі бойынша тиісті шешім қабылданады", - делінген хабарламада.

Айта кетейік, 13 наурызда Германияда Қазақстан азаматы коронавирустың жаңа түрін жұқтырды деген расталған болатын.

"Германиядағы Қазақстан елшілігіндегі дипломаттарымыздың біріне ата-анасының қонаққа барғанын растаймыз. Олар Еуропада жеке сапармен жүрген. Бірнеше күннен кейін дипломаттың әкесінен коронавирус жұқтыру белгілері байқалып, ауруханаға жатқызылды", - деген болатын ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Кейіннен бейресми ақпарат көздерінде бұл азамат Нұр-Сұлтан қалалық сот төрағасы Тілектес Бөрпебаев екені жазылған болатын.