Мереке болмайды, балабақша жабылсын, бәрін шығарып тастасын, маска кисін деген бұйрық жоқ
Нұр-Сұлтанда ата-аналарға 8 наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылатын ертеңгіліктерге келмеуге кеңес берілді. Елордалық Білім басқармасы мұны адамдардың көп шоғырланбауы үшін қолға алынған сақтық шарасы екенін айтады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар осылайша тұмау мен жіті респираторлық вирустық инфекциясы таралуының алдын алмақшы.
«Әлемді алаңдатып отырған індет болғандықтан, балалардың денсаулығына, балалардың қауіпсіздігіне, балалардың өміріне қатысты мәселеде кез келген мемлекеттік мекеме бейжай қарай алмайды. Кез келген мемлекеттік мекеме міндетті түрде жамандықтың алдын алу, сақтану шараларын қолдануға міндетті. Міне, осыны біздің құрметті ата-аналарымыз дұрыс түсінуі қажет. Бұл жерде дабыра қалып, асыра сілтеп, ажиотаж жасайтындай ешқандай себеп жоқ. Осыны түсіну үшін түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Себебі бұл жерде қандай да бұйрық берілді, 8 наурыз мерекесі болмайды, балабақша жабылсын, бәрін шығарып тастасын, маска кисін деген бұйрық жоқ», – деді қалалық Білім басқармасының бөлім басшысы Ләззат РАЗБЕКОВА.