Қалада қауіпті вирус жұқтырғандардың саны 128 адамға жетті
11 сәуір таңертең Алматыда COVID-19 вирусын жұқтырған 5 жаңа жағдай тіркелді. Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 128 адамға жетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
5 жаңа жағдай бұған дейін COVID-19 жұқтырған жергілікті науқастармен байланыста болған адамдардан анықталды. Олардың екеуі – әйел, үшеуі – ер адам.
«Екі ер адамның жағдайы полисегментті пневмонияға байланысты ауыр деп бағаланды. Қалған пациенттердің жағдайы – қанағаттанарлық. Олармен байланыста болған барлық адам іздестірілуде, карантинге жатқызылады.
Бүгінде инфекциялық стационарда КВИ-мен ауырған 99 адам, оның біреуі облыстан, жатыр. Олардың қатарында 4 бала бар. 71 науқастың жағдайы қанағаттанарлық, 7 адамның жағдайы ауыр, 21 пациенттің жағдайы орташа ауыр (біреуі облыстан)», - делінген coronavirus2020.kz сайтының хабарламасында.
Коронавирус инфекциясынан 28 пациент сауығып, ауруханадан шығарылды. 2 науқас көз жұмды.
Мегаполистің уақытша орталықтарында 138 адам бар, олардың 9-ы – балалар, 368-і – карантиндік оқшаулауда, 5334 адам – үйде.