«Омикроннан» эпидахуал нашарлады: бірқатар өңірде шектеу енгізілуі мүмкін

Назым Қыдырбайқызы
Shutterstock.com
Shutterstock.com
Қазіргі таңда "қызыл" аймақта Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары мен Атырау облысы тұр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Еліміздің 12 өңірінде коронавируспен ауырғандар саны 2,8 есеге артып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Осыған байланысты ведомствоаралық комиссия «қызыл» аймақтағы өңірлерде вирустың таралуын азайту үшін қосымша шаралар енгізеді.

«Соңғы 2 аптада коронавирус инфекциясы ауруы 12 өңірде 2,8 есеге өсті. Бұл ретте соңғы аптада ауру Нұр-Сұлтан қаласында 9,9, Шымкент қаласында 3,7, Алматы қаласында 2 есеге артты», – дейді Ажар Ғиният.

Министрдің айтуынша, Қазақстанда соңғы екі аптада ауру 41%-ға өсті. Эпидемиологиялық жағдай «омикрон» штамының анықталуына байланысты нашарлаған.

«Генетикалық зерттеулердің нәтижесі бойынша қаңтардың басында «омикрон» Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында анықталды. «Омикронның» ерекшеліктері – ауру жылдам жұғады, қайта жұқтыру қаупі жоғары. «Омикрон» жоғарғы тыныс алу жолдарында «дельтаға» қарағанда 70 есеге жылдам көбейеді. Ауру жағдайлары 2-3 күнде екі есеге өседі. Бұл аурудың жылдам көбеюіне әкеледі. Бұл ретте, алдын ала аралық зерттеулер ревакцинация аурудың ауыр түрлерінен, ауруханаға жатқызудан және өлімнен 70 пайызға дейін қорғайтынын көрсетеді», – дейді министр.

Айта кетейік, қазіргі таңда «қызыл» аймақта Нұр-Сұлтан, Шымкент, Алматы қалалары мен Атырау облысы тұр.

«Сары» аймақта 6 өңір – Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Қызылорда, Павлодар және Маңғыстау облыстары орналасқан.

Қалған жеті өңір «жасыл» аймақта тұр. 


Новости партнеров