Коронавирус: Қостанай облысында 200 орындық инфекциялық аурухана ашылды

03.11.2020 16:48

Стационар коронавирус жұтырған науқастарды қабылдайды

Фото: ашық дереккөзден

Қостанай қаласында 200 орындық инфекциялық аурухана пайдалануға берілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Инфекциялық аурухананың жұмысын облыстық аурухана реттеп отырады. Облыстық аурухананың бас дәрігері Юрий Моисеевтың айтуынша, нысан заманауи жоғары технологиялық құрылғылармен жабдықталған. Стационар коронавирус жұтырған науқастарды қабылдайды және қазірдің өзінде жаңа орталыққа 40 пациент орналастырылды. 

«Жаңа аурухананың жоғарғы технологиялық заманауи құрылғылармен қамтылған арнайы зертханасы, диагностика орталығы, ота жасайтын бөлімі бар. Инфекциялық орталықтың басты ерекшелігі – мұнда дәрігерлер науқасқа арнайы қондырылған планшет арқылы қашықтан бақылау жүргізе алады. Мұнда науқастарды оттегімен қамтамасыз етудің орталықтандырылған жүйесі бар. Яғни, 8 тонна сұйық оттегі арнайы цистернаға құйылып, қажет болған жағдайда әр төсекке орнатылған құрылғы арқылы науқасқа қосылады. Стационардағы қалдықтарды жоюдың тиімді жолын қарастыру да ескерілген. Қалдықтарды ұнтақтап, зарарсыздандырып, қоршаған ортаға зиян келтірмеуін қамтамасыз ететін арнайы жүйе жұмыс істеп тұр. Әр палатада 2-3 төсек қойылған. Өте қолайлы, жарық әрі жылы. Науқастар дәретхана, арнайы тазартудан өткен ауыз сумен қамтамасыз етілген. Бұл індет жұқтырған науқасқа да, оны емдейтін дәрігерге де психологиялық тұрғыдан қолайлы жағдай туғызады», – дейді бас дәрігер. 

Жаңа аурухананы дәрігер мамандармен қамту мәселесі де реттеліп қойған. Биыл облысқа өзге өңірлерден 240 дәрігер келеді. Аймаққа жас мамандарды көптеп тарту мақсатында оларға берілетін көтерме ақы көлемі де өскен. Бұған дейін 1,5 млн теңге көлеміндегі көтерме ақы тек ауылға баратын дәрігерлерге ғана беріліп келсе, биылдан бастап қалалық мекендердегі медициналық мекемелерге жұмыс істеуге келген мамандарға да 1 млн теңгеден қолдау көрсетіледі.