Алматы қаласында бір тәулікте 37 адамнан коронавирус анықталды

31.05.2020 02:00

Қалада коронавирус инфекциясын жұқтырған жалпы 2499 адам тіркелген

Фото: ашық дереккөзден

Алматы қаласында өткен тәулікте коронавирус инфекциясын жұқтырған 37 адам тіркелді, деп хабарлайды Almaty.tv  Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына сілтеме жасап.

Нәтижесінде, статистика бойынша Алматыда пандемия басталғаннан бері коронавирустық инфекцияны жұқтырудың расталған 2499 жағдайы тіркелді.

Жаңадан жұқтырғандардың төртеуі жергілікті азаматтар. Бұл азаматтардан қауіпті індет өздерін профилактикалық мақсатта тексерген кезде анықталған. Тағы 4 азаматтан қалалық стационарларға жатқызу кезінде табылды. Қалған адамдар науқастармен байланыста болған жандар.

Стационарларға емдеуге жатқызылған барлық науқас коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында, талдау нәтижелері шыққанға дейін сүзгі режиміндегі бөлімдерде болатындығын айта кеткен жөн.

Медицина қызметкерлері жедел келіп түсетін және шұғыл операция жасауды қажет ететін науқастарға операцияларды жеке қорғану заттарын киіп жасайды. Одан кейін олар да талдау нәтижелері шыққанға дейін жеке бөлмелерде болады.

Диагноз расталған жағдайда, бөлімшеде дезинфекциялық тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Қазіргі уақытта инфекция жұқтырған 1038 адам қаланың жұқпалы аурулар стационарларында коронавирустық инфекциядан емделуде, оның ішінде 56 бала бар.

«Қосымша ауруларының болуына байланысты 4 адамның жағдайы  өте ауыр, 22 пациент – ауыр хәлде, 304 науқастың жай-күйі – ауырлықтың орташа дәрежесінде. Ал қалған емделушілердің жағдайлары қанағаттанарлық. Жалпы, науқастардың басым көпшілігінде ауру симптомсыз өтуде деп айтуға болады», – деді Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.

Оның айтуынша, провизорлық госпитальдарда – 177 адам, карантиндік оқшаулауда – 139 адам және үй карантинінде 14339 азамат бар.

Кеше Алматыда коронавирустық инфекциядан сауығып, 76 адам емханадан шығарылды. Бүгін тағы 30-дан астам адамды емдеуден шығару жоспарлануда.

Жалпы, Алматыда пандемия басталғаннан бері 1451 азамат сауығып шақты. Бұл мегаполисте тіркелген, вирус жұқтырған адамдардың жалпы санының 59 пайызын құрайды.

«Қалада карантин сақталуда. Мен тұрғындарды барлық карантиндік шараларды, әлеуметтік қашықтық пен бетперде тағу режимін сақтауға шақырамын», - деп Тілеухан Әбілдаев өз сөзін қорытындылады.