Енді жергілікті билік табылған мәйіттердің денесі тиісті түрде кремацияланып, жерленетініне уәде берді
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Үндістанда шыққан коронавирустың жаңа штамын қауіпті деп танып, індеттің ушығып бара жатқанына алаңдаушылық білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі nege.kz-ке сілтеме жасап.
Мамандардың айтуынша, аурудың бұл түрі өзгелерге қарағанда тез тарайды. Бүгінде Үндістанның өзінде коронавирус індетінің ушығуы шарықтау шегінде тұр. Аймақта тіркеліп жатқан өлім-жітім көрсеткіші күн өткен сайын артып барады. Жергілікті БАҚ өкілдерінің хабарлауынша, көз жұмғандардың саны ресми статистикадан бірнеше есеге артық. Мамандар мәйіттерді кремациялауға үлгермей жатыр. Соңғы кездері елдің солтүстігіндегі Ганга өзенінің жағалауында қаза тапқан жүздеген адамның мәйіті табылып жатыр. Жергілікті тұрғындар аймақтағы жағымсыз иіске шағымдана бастады.
Ақпарат көздері елдегі кремация құнының қымбаттығынан халық марқұмдардың денесін өзенге тастай бергенін хабарлайды. Осы оқиғаға қатысты полиция тергеу ісін бастап кетті. Енді жергілікті билік табылған мәйіттердің денесі тиісті түрде кремацияланып, жерленетініне уәде берді.