Коронавирус: Алматыда тағы бірнеше госпиталь ашылады

29.07.2020 05:21

Келесі аптаның басында құрылыс алаңына шығамыз

pixabay.com

Коронавирус пандемиясының екінші толқынына дайындық шеңберінде Алматыда бірнеше госпиталь ашылады. Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бүгінгі күні ковидпен күреске 27 медицина ұйымы тартылған. Жалпы төсек қоры 6096 орынды құрайды. Төсек-орындардың бос болмауы 90 пайыздан 50%-ға дейін азайды. Бүгінгі мәлімет бойынша бұл көрсеткіш 42%-ға төмендеді. Пандемияның екінші толқынына дайындық шеңберінде жағдайы ауыр науқастарға арналған бірінші эшелон стационарларындағы инфекциялық төсек орындарын 1015 орынға көбейтеміз», – деді Алматы әкімі Үкімет отырысында. 

Сонымен бірге, тамыз айының соңына дейін 500 орынға арналған жаңа госпиталь пайдалануға беріледі. 

«Ал қыркүйектің ортасына дейін 300 төсек-орынға арналған тез салынатын тағы бір модульдік инфекциялық госпитальды іске қосамыз. Келесі аптаның басында құрылыс алаңына шығамыз. 1 қазанға дейін екі қонақ үйдің базасында жеке инвестициялар есебінен 215 төсек-орындық толыққанды ковидтік емханалар құрылатын болады. Тамыздың соңына дейін патологоанатомиялық бюро іске қосылады», – деді Бақытжан Сағынтаев.