Алматы облысы 15 сәуірден бастап карантинге жабылады

14.04.2020 17:05

Алматы облысында коронавирусқа байланысты қосымша шаралар қабылданып, карантин енгізілетіні хабарланып отыр

ainews.kz

Алматы облысы сәуірдің 15-нен бастап карантинге жабылады. Өңірдің бас санитар дәрігері Қайрат Баймұхамбетов тиісті қаулыға қол қойды, деп хабарлайды sputniknews.kz.

Көрші облыстармен, облыстағы қалалар мен аудандардың шекарасында блок бекеттер орнатылады.

Басқа өңірлердегі Алматы облысының тұрғындары 15 сәуір сағат 00.00-ге дейін орала алатыны хабарланды.

Әуежай, аудандық, қалалық автовокзал, автостанциялардың жұмысы тоқтатылады. Ресми такси қызметінен басқа жолаушылар тасымалына тыйым салынған.

Сауда орталықтары (азық-түліктен басқа), бизнес орталықтар, интернет және компьютер клубтары, азық-түлік емес базарлар жұмысы мен жәрмеңке өткізу, көшеде саудалау тоқтатылады.

Балабақшалар, адамдар көп шоғырланатын жерлер, діни бағыттағы нысандар жабылады. Азық-түлік дүкендері 08.00-ден 20.00-ге дейін жұмыс істейді.