Қазіргі кезде 600-ден астам пациент ауруханада карантинде болса, соның көбінде пневмония анықталған
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов тарихымызда алғашқы рет 3 айдан астам уақыттан бері карантин режимінде өмір сүріп жатқанымызды айтып, қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Төтенше жағдай кезіндегі қатаң тәртіптің арқасында, өзін-өзі оқшаулаудың нәтижесінде қауіпті кезеңнен өткенімізді тілге тиек еткен ол азаматтардың еркін қозғалысына байланысты қауіп әлі де сейілмегенін алға тартты.
«Бірнеше мәселеге көңіл аударуды сұраймын. Біріншіден, қазір біз байқағанымыздай, ауру жұқтыру ошақтары отбасыларда пайда болуда. Мысалы, балалары, ата-анасы, ата-әжесі де вирусты жұқтырды. Сөйтіп, бүкіл отбасы мүшесін ауруханаға жатқызуға тура келді. Көңіл аударуды талап ететін екінші мәселе, еңбек ұжымдарында ошақтар пайда бола бастады. Соңғы аптада вирус анықталған азаматтардың тең жартысынан көбі – ұжымдардағы азаматтар», – деді Көлгінов.
Ал мамандар отбасы мен жұмыс орнында санитарлық нормалардың, карантин талаптарының дұрыс сақталмауының салдары осындай жағдайға соқтырып жатқанын айтады.
«Сондықтан үш мәселеге көңіл аударуды сұраймын», – дейді Нұр-Сұлтан әкімі.
• Біріншіден, қоғамдық орындарда, азаматтар көп шоғырланатын жерде міндетті түрде медициналық масканы тағу қажет.
• Екіншіден, қарапайым гигиеналық нормаларды сақтауды ұмытпауымыз керек. Әсіресе балаларға айтып, отбасымыз бен жұмысымызда да осы тәртіпті бұзбауымыз шартк.
• Үшіншіден, азаматтар көп шоғырланатын жерге барудың қажеті жоқ және де дистанцияны сақтауға міндеттіміз. Тек, сонда ғана біз вирустан құтыламыз.
«Тәжірибе көрсеткендей, вирус жасқа қарамайды. Дені сау азаматтар да вирусты жұқтырып, өз-өзін емдеймін деп денсаулығын қиындата түсуде. Жас, тепсе темір үзетін азаматтар ауруханаға түсуде. Ауыр хәлде жатқан азаматтарымыз да бар», – де атап өтті Көлгінов.
Оның айтуынша, қазіргі кезде 600-ден астам пациент ауруханада карантинде болса, соның көбінде пневмония анықталған.
«Демек, нағыз қауіпті топқа жататындар. Соның ішінде 34 науқастың денсаулығы ауыр деп бағалануда. Олардың 12-сі жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған», – деді қала әкімі.
Ол өз үндеуінде карантин басталғалы көптеген мекемені жабуға мәжбүр болып, азаматтар уақытша жұмыссыз қалғанын айтты. Соған қарамай мемлекетіміз қыруар ақша жұмсап, тұрмысы нашар отбасыларға көмек көрсеткен. Орта және шағын бизнес те назардан тыс қалмаған.
«Барлығымыз айтылған талаптарды орындауға тиістіміз. Біз күнделікті қарап, бақылап жүрміз. Бірақ азаматтық, әлеуметтік жауапкершілік болуы керек. Ендігі ортақ міндетіміз – вирустың таралуына жол бермеу. Қатаң тәртіпті сақтасақ, карантин режимінен ертерек өтеміз», – деді Көлгінов.