Қазақстанда "стелс-омикрон" 12 аймақта тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
"Коронавирус инфекциясының бұл түрі "дельта" штамға қарағанда жеңіл өтеді. Бірақ оның да қаупі бар, себебі жылдам таралады. Коронавирусты екінші рет жұқтыруға әкеліп соқтырады", - деді Ғиният орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Министрдің айтуынша, "стелс-омикрон" республика бойынша тарала бастады. Бірақ мамандар эпидемиологиялық жағдайды бақылап келеді.
"Стелс-омикронның" симптомдары бар науқастар өздері де келеді, өзіміз де анықтаймыз. Ол адамдардың барлығы қажетті ем-домды толықтай алып жатыр. Аурудың қазіргі сипаты карантиндік шараларды қажет етпейді. Сондықтан ешқандай шектеулер жоқ", – деп атап көрсетті Ғиният.
Сонымен қатар министр коронавируспен күреске қанша сома жұмсалғанын атады. Тек 2020 жылдың өзінде Денсаулық сақтау министрлігі дертпен күреске шамамен 252 миллиард теңге бөлініпті.
"Осы ақшаның 28 миллиарды дәрі-дәрмекті, соның ішінде қорғаныс құралдарын және медициналық техниканы сатып алуға жіберілді. 197 миллиард теңгесі дәрігерлердің еңбекақысы сол кездегі үстемеақыға жұмсалды. Іссапар шығындары да болды. Әсіресе, санитарлық эпидемиологиялық қызмет мамандары іссапарға жиі шыққан", – деді Ажар Ғиният.