Облыс бойынша 5000 және одан да көп адамға арналған 214 мобильді әмбебап бригада құрылды
Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесі әлемдік сарапшылар болжап отырған коронавирустық инфекцияның екінші толқынына деген дайындық шараларын жалғастыруда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Бүгінде Тараздағы қалалық перзентхананың бос тұрған ғимараты инфекциялық аурухана ретінде қайта жабықталуда. Қазір онда жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 200 орындық аурухананы қыркүйек айының ортасына дейін пайдалануға беру жоспарланған.
Т.Рысқұлов ауданында 150 орындық туберкулезден емдейтін аурухана жұқпалы аурулар ауруханасы болып қайта ашылды. Сондай-ақ, Байзақ ауданы Мырзатай ауылындағы облыстық мамандандырылған оңалту орталығының 150 төсегі, Байзақ аудандық ауруханасының 150 төсегі, Т.Рысқұлов ауданының туберкулез диспансерінің 150 төсегі, Шу қалалық ауруханасының 200 төсегі, Қордай аудандық ауруханасының 120 төсегі және басқа да аудандық орталық ауруханалардың 50 төсегі есебінен де төсек-орынар саны артып келеді. Жалпы төсек қоры 2530-ды құрайды десек, оның ішінде 253 реанимациялық төсек бар. Қазіргі таңда облыстағы жеті зертханада тәулігіне 400-500 ПТР-тестілеу жүргізілуде. Індет тарағалы бері 110 мыңнан астам сараптама жасалынған. Облыстың медициналық ұйымдары 179 ӨЖЖ, 706 оттегі баллонымен, 542 оттегі концентраторымен, 1009 импульстік оксиметрмен, қышқыл-сілті жағдайын анықтауға арналған 14 аппаратпен, 19 сандық рентген, 10 КТ және 7 МРТ қондырғысымен жабдықталған. Қосымша қажеттілікке байланысты ағымдағы жылдың қазан-желтоқсан айларына дейін бюджеттік және бюджеттен тыс қаражат есебінен 74 жасанды тыныс алу аппаратын, жеті компьютерлік томографияны, төрт цифрлық рентген аппаратын, сегіз жылжымалы медициналық кешен, төрт оттегі станциясын, екі ЭКМО аппаратын, 61 жедел жәрдем автокөлігін және 100 көпфункционалды төсектер сатып алу жоспарлануда.
«Бірыңғай дистрибьютор стационарлық қамтамасыз ету шеңберінде облыстың медициналық ұйымдарына сомасы 4,3 миллиард теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар жеткізген. Оның 691,45 миллион теңгесі коронавирустық инфекцияның алдын алуға және емдеуге бағытталған. Қыркүйек айының басындағы жағдай бойынша стационарларда бір айға жетерлік, амбулаторияларда екі айлық дәрі-дәрмек қоры қалыптасқан», - деп атап өтті денсаулық сақтау басқармасы басшысының м.а. Хамит Мырзақасымов.
Пациенттерді тексеруден туындайтын мәселелер бойынша аймақтық дәрігерлерге кеңес беру үшін өңірлік ситуациялық орталық құрылған десек, оның құрамына тар бейінді барлық мамандар енеді. Орталық жұмысы жедел жәрдем станциясының базасында ұйымдастырылған.
«Облыс бойынша 5000 және одан да көп адамға арналған 214 мобильді әмбебап бригада құрылды. Аудан, қала әкімдіктері оларды көлікпен қамтамасыз етуге қолдау танытты. Жалпы, 4340 медицина қызметкері пандемияға қарсы шараларды күшейту бойынша оқытудан өтті»,– деп қорытындылады Х.Мырзақасымов.