12 тамызда Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Марат Әзілханов Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Baq.kz-ке сілтеме жасап.
«Кездесуде карантиннің жеңілдеуі жағдайында діни ғимараттардың жұмыс істеу мәселелері талқыланды. Бас мүфти мешіттер ашылған жағдайда діни ғимараттағы қызмет санитарлық нормаларды сақтай отырып жүргізілетінін мәлімдеді. Өз кезегінде вице-министр ҚМДБ-ның мешіттерде коронавирус індет таралуының алдын алу бойынша бірыңғай іс-қимыл тәртібін әзірлеудің орындылығын жеткізді», – делінген Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі таратқан ақпаратта.
Марат Әзілханов мемлекет пен діни бірлестіктердің, әсіресе пандемия сияқты жаһандық сын-қатерлер жағдайында одан әрі ынтымақтастығы қажеттігін атап өтті. Вице-министр ҚМДБ төрағасына діндар азаматтардың мәжбүрлі карантиндік шараларға түсіністікпен қарағаны және олардың арасында санитарлық-эпидемиологиялық нормаларды сақтаудың маңыздылығын түсіндіруде мемлекетке көмектескені үшін алғыс айтты.
Өз тарапынан Бас мүфти вице-министрге биылғы 31 шілде мен 2 тамыз аралығында өткен Құрбан айт мерекесі кезінде Министрлікпен көрсетілген қолдауға өзінің алғысын білдірді.