Қызылорда облысында тағы 4 адамнан коронавирус анықталды

03.05.2020 17:41

Өңірде COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 214 адамға жетті

Фото: ашық дереккөзден

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған тағы 4 адам анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Мемлекеттік комиссияның шұғыл штабына сілтеме жасап.

Вирусты жұқтырған адамдардың үшеуі 1971, 1973 және 2016 жылдары туған Қызылорда қаласының тұрғындары және біреуі Жаңақорған ауданының 1977 жылғы тұрғыны.

«Аталған азаматтардың біреуінен ПТР сынамалары Нұр-Сұлтан қаласынан келуіне байланысты алынса, қалған 3 адамнан коронавирус инфекциясын жұқтырған адаммен қарым-қатынаста болуына байланысты алынған. Диагностикалық зерттеу қорытындысы олардың коронавирус инфекциясын жұқтырғанын көрсетті», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда олар жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауландырылып, хаттамаға сәйкес тиісті ем қабылдап жатыр.

Ауру ошағында індетке қарсы іс-шаралар атқарылып, қарым-қатынаста болғандар анықталуда.

Қазіргі уақытта Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 214 адам тіркелген, оның ішінде емделіп шыққандар саны — 127, ем қабылдап жатқандар саны — 87.