Дәрі-дәрмек препараттарының жаңа партиясы Үндістаннан ұшақпен жеткізілді

Дәрі-дәрмек препараттарының жаңа партиясы Үндістаннан ұшақпен жеткізілді
Алматының тұрақтандыру қоры ковидке қарсы препараттардың тағы бір партиясын алды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша COVID-19-ды емдеуге қажет препараттардың тұрақтылық қорын құру үшін бюджеттен 5 миллиард теңге бөлінгені белгілі. Қала әкімдігі фармецевтік компанияларды қаржыландыруда, яғни дәрі-дәрмектер сатып алу үшін оларға пайызсыз несиелер берілуде, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Бұл медикаменттердің жалпы көлемі 1 жарым миллион қаптамадан асады. Онда қазіргі уақытта ең қажетті деген 20-дан астам дәрі бар. Осылайша біз қала және облыс тұрғындарын үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін  Алматы әкімдігімен бірлесіп тыңғылықты жұмыс атқарып жатырмыз»,– деді фармацевтикалық компанияның менеджері Шолпан Исаева.  


Бүгін Алматы әуежайына келіп түскен жүкті «Іңкәр» компаниясы сатып алған. Жалпы салмағы – 33 тонна. Жаңадан жеткізілген партияда 312 мың қаптама дексаметазон, 105 мың преднизолон, 5 мың цилитаз, 122 мың цефтирол (цефтриаксон), 10 мың зитрозет (азитромицин сиробы), 57 мың фепадол (таблеткадағы парацетамол), 50 мың аксафлокс (офлоксацин), 5 мың хумоксибид (моксифлоксацин), 10 мың осельтамивир және басқа да препараттар бар.

Жаңадан келген дәрілер тұтынушы қолына кешікпей жетуі үшін құжаттарды рәсімдеу уақыты анағұрлым қысқарған. Әкімдікпен жұмыс істейтін дәріхана желілерінің саны 3 есе артты.  

«Қазіргі уақытта біз 105 дәріханалар желісін емес, 300-ден аса дәріханалар желісін көбейттік. Естеріңізде болса осыдан бір апта бұрын дәріханалар саны 105-тен шектелмейді деп айтқан болатынмын. Дәріхана желілерін әлі де көбейте  береміз. Себебі,біздің мақсатымыз қаланы қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету болып табылады. 5 миллиард теңге тұрақтаныдыру қорына бөлінген болатын. Сол қаржыға алынған дәрі-дәрмектер бұл»,– деді Алматы қаласын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша үйлестіруші Заңғар Сәлімбаев.


Күн сайын сатылым бойынша әкімдікпен байланыс ұстап отырған дәріхана өкілдері болса, кей күндері медициналық препараттарды қоймадан бірнеше рет алдыртқанын айтады.

«Дәрі-дәрмек күн сайын толықтырылып тұрады. Және біз сұранысқа ие медициналық препараттарға мониторинг жүргізіп тұрамыз. Осы тұста қол ұшын созып жатқан Алматы әкімдігіне ризашылығымызды білдіреміз. Олар бізге қаржылай және логистика жағынан көп көмегін тигізіп жатыр. Көптеген мәселені бірлесіп шешіп жатырмыз»,– деді  «Аптека Плюс » ЖШС басшысының орынбасары Айнұр Алмаханбетова

Айдың соңына дейін дәрі-дәрмек тиеген тағы үш ұшақ келеді деп күтілуде. Жеткізушілердің айтуынша, ковидке қарсы дәрі-дәрмектердің негізгі позициясы бойынша қажетті препараттар қоры жасалды. Олардың барлығы қала дәріханаларына еш іркіліссіз бөлінуде.

Дәрі-дәрмектің жаңа партиясы:

312 мың дексаметазон

105 мың преднизолон

5 мың цилитаз

122 мың цефтриаксон

10 мың азитромицин сиробы

57 мың таблеткадағы парацетамол

50 мың офлоксацин

5 мың моксифлоксацин

10 мың осельтамивир

Новости партнеров