Алматыда коронавирустан қайтыс болған екінші адам туралы ақпарат шықты

11.04.2020 17:28

Науқас қант диабетімен ауырған

Фото: ашық дереккөзден

Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасы коронавирустан қайтыс болған екінші адамға қатысты ақпарат жариялады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

ДСБ басшысы Тілеухан Әбілдаевтің айтуынша, 1963 жылғы ер адам коронавирусқа шалдыққан науқастармен қарым-қатынаста болған. Ол 29 наурыз күні «екіжақты полисегментарлы пневмония» диагнозымен ауруханаға жеткізілген. Бірден коронавирусқа сынама алынды. Ал 1 сәуірде жағдайы нашарлағаннан кейін оны жасанды тыныс алу аппаратына қосуға шешім қабылданды.

«Алайда интенсивті терапияға қарамастан, оның жағдайы нашарлай берді. Себебі тыныс алу жетіспеуішілігі ғана емес, жүрек-қан тамыр мен бүйрек қызметінің жетіспеуішілігі де болған. Бұдан бөлек, науқас екінші дәрежедегі қант диабетімен ауырған», - дейді Әбілдаев.

Кеше, 10 сәуір күні сағат 18:00-де науқастың жүрегі тоқтап қалып, реанимациялық шаралар атқарылған. Бірақ сағат 18:30-да ер адам қайтыс болды. Онымен жақын қарым-қатынаста болған барлық адам провизорлық стационарға карантинге жатқызылды.

Айта кетейік, қайтыс болған ер адам – «Абди Ибрахим Глобал Фарм» ЖШС-нің бас директоры Зиятхан Гасанов. Ол COVID-19 вирусымен күресуге үлес қосқан. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаменттерінің медицина қызметкерлеріне жеке қорғаныш құралдарын тегін таратқан.

Бұл Алматыда коронавиурстан адам өлімінің екінші жағдайы. Қазақстанда бойынша көз жұмғандар саны – 10 адам. 

Бүгінде еліміз бойынша коронавирус жұқтырғандар саны 840 адамға жетті. 64 адам жазылып шықты.