Қостанай облысының полиция департаменті карантин кезіндегі сақтық шаралары туралы брифинг өткізді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Қостанай облысы ПД жергілікті полиция бастығының орынбасары Жеңіс Бисембаевтың айтуынша, осы жылдың 9 қарашасы, сағат 00.00-ден бастап өңірде 12 санитарлық бекет қойылады. Атап айтқанда, 4 санитарлық бекет Қостанай облысының мемлекеттік шекарасында, тағы 4-еуі Қостанай қаласының периметрі бойынша қойылады. Қостанай ауданында - 4, Жітіқара ауданында - 1 санитарлық бекет орнатылмақ.
«Санитарлық бекеттер адамдардың, сондай-ақ көлік құралдарының кіруі мен шығуын бақылайды және термометрия жүргізетін болады.
Санитарлық бекеттерде 94 қызметкер кезекшілік атқарады, олар қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталған. Қызметті тәулігіне 12 сағаттан ауысыммен атқаратын болады, медицина қызметкерлеріне көмек көрсетіледі, сондай-ақ санитарлық бекеттерге 13 патрульдік машина жұмылдырылды»,– дейді Жеңіс Бисембаев.
Сонымен қатар облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, полицейлер тұрғындардың 22.00-ден кейін негізсіз шығуына тыйым салды. Таксилердің жұмысына түнгі 22:00-ден 06:00-ге дейін рұқсат берілмейді.
Полиция бұқаралық іс-шараларды (туған күндер, тойлар, үйлену тойлары, корпоративтік іс-шаралар) анықтауға ерекше назар аударады.
Өңірде 91 мониторинг тобы (ЖАО, СЭС, полиция, ҮЕҰ құрамы) жұмыс істейді, олар осы жылдың 5 шілдесінен бастап 4105 рейд өткізген. Барлығы 5364 тәртіпбұзушылық анықталды, нәтижесінде 1444 адам жауапқа тартылды.