Еліміздің бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин шет мемлекеттерде жүрген отандастарымызға ескерту жасады, деп хабарлайды Almaty.tv. Олар 1 наурызға дейін коронавирус тіркелген елдерден Қазақстанға келіп үлгерулері керек. Бұл мерзімнен кейін шектеу қойылмақ.
«1 наурызға дейін елге оралуға мүмкіндік береміз. Апта сайын Оңтүстік Кореяға 7 борт ұшады. Онда 34 отандасымыз бар. Олардың міндеті азаматтарымызды максималды түрде қайтару. Иран бойынша жағдай оңайырақ. Онда 170-ке тарта азаматымыз бар. 1 наурызға дейін олар қайтып келуі керек. Көбісі билеттерін қайтарып жатыр. Кеше ведомствоаралық комиссияда билеттердің құнын толықтай қайтару тапсырылды», – дейді ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек БЕКШИН
Қытайдан бөлек, коронавирус бойынша бірінші категорияға Оңтүстік Корея, Италия және Иран елдері кіріп отыр. Осы мемлекеттерден қайтып келгендер 14 күндік карантинге жатқызылады. Бұдан соң 10 күн бойы үйде медициналық қызметкерлердің жіті бақылауында болмақ.