Түркістан облысында кезекті той тоқтатылды

23.02.2021 17:30

Қыз ұзату тойына келген қонақтар үйіне қайтарылды

Түркістан облысында кезекті той тоқтатылды
baribar.kz

Түркістан облысының полицейлері кезекті қыз ұзату тойына келушілерді тарқатты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Сарыағаш АПБ-ның қызметкерлері карантин режимін және шектеу шараларын сақтау мақсатында тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыруда. Осындай кезекті арнайы құрылған топпен бірге профилактикалық жұмыстар жүргізу барысында, Сарыағаш қаласының көшелерінің бірінде орналасқан тойханада қыз ұзату тойы өтіп жатқаны анықталған. Аталған тойға шамамен 100-ге жуық қонақ жиналған. Тойдың үстінен түскен тәртіп сақшылары аталмыш тойға келушілерге карантин режимін түсіндірді. 

Сонымен қатар оны тоқтатып, қонақтарды үй-үйлеріне тарқатты. Көпшіліктің басын қосып, өмірлеріне қатер төндірген той жасаушы азаматқа және тойхананы жалға алып жұмыс істетушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша Түркістан облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында көрсетілген карантин режимін және шектеу шараларын сақтамағаны үшін, жинақталған құжаттар Сарыағаш аудандық СЭББ-на жолданды. 

Осы тұста естеріңізге сала кеткесек: карантин режимі әлі де жалғасуда. Сондықтан мейілінше үйден шықпай, адам көп шоғырланған аймақтарға барудан бас тартыңыздар. Қолдарыңызды жиі жуып, медициналық бетперде тағып жүруге кеңес береміз. Өз өміріңіз – өз қолыңызда!