А. Шарман: Вакцинасыз біз өмір бойы карантинде өмір сүреміз

05.08.2021 17:31

Коронавирусқа қарсы екпелерді алу арқылы ғана карантинді жеңілдетуге болады

Dalanews.kz

Орталық коммуникация қызметінде осы туралы егжей-тегжейлі айтқан дәрігер, профилактикалық медицина академиясының президенті, Американдық денсаулық қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман халықты вакцина алуға шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі  Dalanews.kz сайтына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, карантиндік шаралар жеңілдетілген жағдайда вакцинациялау процесі коронавирустың аса жұқпалы, вакцинаға төзімді жаңа штамдарының қалыптасуына әкеледі. Бұл бүгінде әзірленген тиімді вакциналар түріндегі селекциялық қысым жағдайында вирустың тіршілік етуінің табиғи процесі.

«Азаматтардың басым бөлігі – шамамен 80 пайызы вакцина алмайынша карантинді жеңілдетуге болмайды. Әйтпесе жаңа толқындар, жаңа індеттермен ұдайы күресетін боламыз. Карантинді әлсіретсек вакциналарға төзімді жаңа нұсқалардың – жоғары жұқпалы коронавирус штамдары пайда болады», – деді ол.

Маманның пікірінше, вакцинациясыз біз әрқашан қатаң карантин жағдайында өмір сүретінімізді түсіну керекпіз.

«Індетке қарсы шараларды жеңілдетуді коронавирусқа қарсы екпе жасатып қана қол жеткіземіз. Өкінішке қарай, Қазақстан азаматтарының 80 пайызы вакцинаның қажетті дозасын алған жоқ!

Көптеген адамдар популистердің айтқанына еріп жүр, олар вакцинацияға қарсы әрекеттерімен жақсы табыс табуда. Алайда «қалай?» деген заңды сұрақ туындайды. Көптеген отандастарының денсаулығы мен өмірін қию арқылы…

Мұндайлар вакциналардың қауіпсіздігі мен орындылығына күмән келтіре отырып, шындықты анықтауға тырыспайды, бірбеткей, тек біржақты баға береді. Айналада қарама-қайшы ақпарат көп болған кезде денсаулығыңызға қатысты ұтымды шешім қабылдау оңай емес. Мен баршаңызды вакцинация туралы ойдан шығарылған және негізсіз қауесеттердің орнына ғылыми шындыққа сенуге шақырамын», – деді А. Шарман.

Мамандар «вакцина індеттен 100% қорғамаса да, ауру ағымының ауыр болуынан сақтайды», –  дейді. Дәрігерлердің айтуынша, қауіпті дерттің құрығына ілінгендер – екпе алмағандар.