Азық-түлік, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер мен дәріханалардан басқасы жұмысын уақытша тоқтатады
Солтүстік Қазақстан облысында мониторингтік топтардың рейдтері барысында карантин талаптарын бұзудың 287 дерегі анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Петропавл қаласы прокурорының орынбасары Қайсар Әбішев мониторингтік топтардың атқарған жұмысын қорытындылады.
Оның айтуынша, 20 шілдеден бері барлығы 364 нысан тексерілген, оның ішінде қоғамдық тамақтану орындары, көлік, базарлар мен сауда орындары, дүкендер, демалыс орындары, монша кешендері бер. Нәтижесінде карантин талабын бұзудың 287 дерегі анықталды.
«Карантинге қарамастан үйлену тойын жасағандар болды, олар айыппұл төледі. Сауда үйлері мен базарларға қатысты – 8, қоғамдық көлік пен таксиге қатысты – 18, көшеде бейсауат жүргендерге – 36, демалыс орындарына – 8 хаттама толтырылды. Дүкендерге қатысты 37 олқылық анықталды. Үй карантинін бұзған 10 адамға, маска кимеген немесе дұрыс кимеген 99 адамға айыппұл салынды»,– дейді Қайсар Әбішев.
Тексерілген нысандарда негізінен санитайзерлер мен температураны өлшейтін құралдар болмаған. Ал дүкендерде жиі кездесетін олқылықтар – маска кимеген, дүкеншілердің қолғапсыз болуы және әлеуметтік ара қашықтықтың сақталмауы.
«Рейд барысында «Восточный берег» дәмханасында 16 жастан бастап 23 жасқа дейінгі бір топ қыз-жігітті кездестірдік. Олардың маскалары болмады. Қазіргі таңда материал жиналып, уәкілетті органға жіберілді. Маска кию режимін бұзған оларға тиісті жаза қолданылады»,– дейді прокурордың орынбасары.
СҚО-да 22-23 тамыз күндері карантиндік шектеулер қатаңдатылмақ. Азық-түлік, ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерін сататын дүкендер мен дәріханалардан басқасы жұмысын уақытша тоқтатады.