Нәрестені коронавирус инфекциясына тексеру теріс нәтиже көрсетті
Биыл елордада КВИ-мен ауырған 238 әйел дені сау нәресте туды, деп хабарлайды Almaty.tv.
«Бір күн бұрын қалалық фтизиопульмонология орталығының инфекциялық бөлімінде COVID-19 ауруымен ауырған елорда тұрғыны босанды. Салмағы 4626 грамм және бойы 61 см ер бала дені сау болып дүниеге келді. Науқаста коронавирус инфекциясы диагнозы ауруханаға түсерден бірнеше күн бұрын, босануға байланысты тексерілу кезінде анықталған»,– делінген елорда әкімдігінің Facebook парақшасында.
Ауруханаға түскенге дейін ол аумақтық емханада амбулаториялық бақылауда болған. Босанудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, әйел жедел жәрдем көлігімен орталықтың инфекциялық бөлімшесінің босану бөліміне жеткізілді.
«Қабылдау сәтінде гинекологтардан, инфекционистерден және неонатологтардан тұратын № 1 көпсалалы қалалық аурухананың дәрігерлер тобы әйелді емдеу және бақылаумен айналысқан. Бір күннен кейін дені сау бала дүниеге келді. Нәрестені коронавирус инфекциясына тексеру теріс нәтиже көрсетті. Анасы мен сәбиінің жағдайы жақсы», – деді қалалық фтизиопульмонология орталығының директоры Анна Цепке.
Үшінші рет босанған ана 2015 және 2016 жылдары екі ұлды өмірге әкелген.
«Пандемия басталғаннан бері елордада КВИ-мен ауырған 238 әйел дені сау нәресте туды»,– делінген хабарламада.