Эпидемияға қарсы тұру үшін жұмыстар жүйеленіп, іс-шаралар күшейтілді
Алматыда эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Бұл туралы Алматы қаласы қоғамдық денсаулық сақтау Басқармасының басшысы Қамалжан Надыров онлайн брифинг барысында айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Қаладағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталды. Елімізде мүмкін болатын COVID-19 індетінің жаңа толқынына дайындық бойынша ауқымды жұмыстар жасалуда. Эпидемияға қарсы тұру үшін жұмыстар жүйеленіп, іс-шаралар күшейтілді. Індет басталғалы бері 13 742 коронавирус жағдайы тіркелді. Соңғы 15 күн ішінде ауру көрсеткіші 7 есеге төмендеді. Шілде айының соңында тәулігіне 271 жағдай тіркелсе, бүгінгі күні 40 жағдай анықталып отыр. Өкінішке қарай, қайтыс болған адамдар саны 195-ке жетті. Барлығы 9 306 адам сауығып шықты, бұл дегеніміз жұқтырған жағдайдың 68 пайызын құрайды», – деді Надыров онлайн брифингте.
Оның айтуынша, қалада төсек-орын саны 5781 орынды құрайды. Бүгінгі таңда стационарлардың жүктемесі 19 пайыздан аспайды. Қазіргі уақытта тәулігіне 60-тан астам науқас ауруханаға жатқызылaды, салыстырмалы түрде осыдан бір ай бұрын стационарларға 417 науқас келіп түсіп отырған.