Алматыда КВИ жұқтырып, ауруханада жатқан науқастар саны 4 мыңға жуықтады

26.07.2021 22:39

917 адамның жағдайы аса ауыр

Almaty.tv

Алматыда коронавирус жұқтырып, ауруханада жатқан науқастар саны 4 мыңға жуықтады. Оның ішінде 917 адамның жағдайы аса ауыр. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы мәлімдеді.

Одан бөлек, соңғы бір апта ішінде ауру балаларды да дендеп бара жатқан көрінеді. Көрсеткіш күн сайын артып, індет жұқтырғандар саны сағат санап өсіп жатыр. Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын Изатима Жекенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының қауіпті аймағына кіріп, науқастармен тілдесіп келді.

Қазір біз қауіпті аймаққа кіру үшін, яғни қызыл аймаққа кіру үшін арнайы қорғаныш киімін киеміз. Ол қанша уақытты алатынын есептеп көрейік, қазір менің қолымда секундомер бар. Міне, 7 минут 4 секундта біз киініп болдық. Кеттік.  

Мегаполисте жұқпалы дерт қайта күшіне мінгелі ауруханалар мен стационарлардың жұмысы еселене түсті. Соның бірі – қаладағы Изатима Жекенова атындағы қалалық жұқпалы ауруханасының РВ-90 филиалы. Нысан 500 науқасқа есептелген. «Қазір оның 90 пайызы бос емес», дейді дәрігерлер.  

«Соңғы тәулікте бір аптамен салыстырғанда жедел-жәрдеммен келетін науқастардың саны 30-40 болатын. Соның 20-сы ауруханаға жатқызылатын. Ал, кеше бүгін жедел-жәрдем 60 науқастан 100 науқасқа дейін әкеліп жатыр. Соның 80-і ауруханаға жатқызылып жатыр», – деді И. Жекенова атындағы қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы №3 бөлімшенің меңгерушісі Алмас Ыбырайхан.

Аурухана төсегіне таңылғандардың дені вакцина алмағандар. Соның бірі – Нұржан Түсіпбаев. Ем қабылдап жатқанына бір аптаға жуықтаған. Бастапқыда өзгелер секілді екпеге қорқа қарағанын айтады. Оның маңызды екенін кейіннен түсіндім дейді.

«Ем-дом беріп жатыр, жақсы, түзеліп келеміз. Әр жерде әртүрлі айтып жатқаннан кейін үрке қарадық қой, сөздің шыны керек. Жазылып шығамыз, аламыз уақыты келген кезде», – деді науқас Нұржан Түсіпбаев.

«Вакцина алған жоқпын, әні аламын міне аламын деп жүргенде ауырып қалдым. Алу керек, жазылып шыққан кейін алу керек вакцина. Қайталап ауырмас үшін», – деді науқас Марина Бердікенова.

Қаланың бас санитар дәрігерінің мәліметіне сәйкес, қазір стационарларда 238 бала ем қабылдап жатыр. Оның 178-і әлі бір жасқа да толмаған. Ауру жұқтырған жасөсіпірмдердің көрсеткіші де көңіл көншітпейді. 19 жасқа дейінгі ауырып жатқандар 4,6 пайызға жетсе, 30-ға жасқа дейінгілер 37,7 пайызды құрап отыр.  

«Қазіргі жағдайым кешегі түскен жағдайыма қарағанда жақсарып қалды. Кеше өте нашар болатын. Демала алмай, келе сала дәрігерлер, медбикелер бәрі жүгіріп, есімді жиюуыма көмектесті», – деді науқас Айым Ильяшова.

Дәрігерлер науқастар жағдайы әбден нашарлап, қиындағаннан кейін барып қана хабарласады деп отыр. Үйінде апталап жатып, өздігінен ем қабылдау бұл аса қауіпті екенін айтады. Қаншалықты кеш хабарласса, емдеу де соншылықты ауыр өтетіндігін ескертеді.

Міне, қазір біздің қауіпті аймақтағы түсіріліміміз аяқталды. Енді қазір қорғаныш киімдерімізді шешіп бастаймыз. Ең бірінші аяқ-киімімізді жуамыз. Бұл – хлор қосылған арнайы су. Осымен аяқ-киімімізді жуып, киімімізді біртіндеп шешеміз. Көзілдірікті осында тастаймыз, масканы мында. Еркін ауамен тыныстағанның кереметін осындайда білесің. Ұлт саулығы үшін күресіп жүрген дәрігерлер сіздерге мың алғыс!

Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» арнасы