Сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың қызметі тоқтатылады
Елімізде алдағы демалыс күндері, яғни 20-21 маусым аралығында шектеу шаралары күшейтілмек, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгін Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен ел аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның селекторлық отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шаралар қарастырылды.
«Өздеріңізге мәлім, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің үндеуінде халықтың карантин режимін жаппай сақтамау салдарын, коронавируске қатысты жағдайдың күрделене түскенін айтты. Осыған орай ведомствоаралық комиссия отырысында біз елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша нақты шараларды қабылдауымыз керек. Барлық дерлік өңірде қауіпті вирусты жұқтырған науқастардың саны қарқынды түрде артуда. Бұл карантин режимін күшейту бойынша қатаң әрі пәрменді шараларды қабылдау қажеттілігін көрсетіп отыр», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалалары бойынша:
– сауда орталықтарының, сауда үйлерінің, желілік дүкендердің, жабық азық-түлік және азық-түлік емес базарлардың, базарлардың қызметі тоқтатылады;
– қоғамдық тамақтану объектілерінің көше форматындағы ашық ауада жұмыс істеуіне әлеуметтік – қашықтықты сақтай отырып рұқсат етіледі;
– қоғамдық көлік жұмысы шектеледі;
– қоғамдық орындардың, саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, жағажайлардың,
аквапарктердің жұмыс істеуі тоқтатылады;
– фитнес-орталықтардың қызметі тоқтатылады;
– 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі.
Саны 50 мың адамнан асатын елдімекендерде:
– қоғамдық орындардың – саябақтардың, скверлердің, жағалаулардың, аквапарктердің жұмыс істеуі тоқтатылады;
– 65 жастан асқан адамдардың көшеге шығуы шектеледі.
Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Шымкент, Павлодар және Екібастұз қалаларына аумақтық жақын орналасқан туристік аймақтарға кіру жабылады, ал аталған аймақтардағы адамдарға әлеуметтік қашықтықты сақтау.