Алматыда «омикрон» штамы белең алып барады

11.01.2022 в 17:44

Қалада пандемияның жаңа толқыны басталды

Елімізде эпидемиологиялық ахуал нашарлап барады. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Президент коронавирус бойынша жағдайды қалпына келтіру үшін Үкіметке бірқатар тапсырма берді. Эпидахуалдың нашарлауы Алматы қаласында да байқалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бүгінде мегаполисте «омикрон» штамы тіркелген. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігіне жіберілген 96 үлгінің 8 сынамасынан африкалық вирус анықталған. Оның ішінде 7 сынама Алматыдан жеткізілген болатын. Толық геномдық секвенирлеу нәтижелері 6 қаңтарда белгілі болды. Бұл туралы аппараттық кеңес барысында қала әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров мәлімдеді.  

«Алматыда пандемияның жаңа толқыны басталды. Қазір қалада «омикрон» штамы белең алып барады. Сондықтан халықтың жаппай вакциналануы өте маңызды. Соңғы уақытта 20 жастағы алматылықтар белсенді иммундалып жатыр. Мегаполисте 10 қаңтардан бастап егу пункттері жұмысын қайта бастады. Қалада қауіпті вирустың таралуын алдын алу үшін барлық санитарлық ережелерді қатаң орындаған абзал», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров. 

Сондай-ақ жиын барысында қала әкімінің орынбасары «омикрон» штамын көбінесе 20 мен 39 және 15 пен 19 жас аралығындағы алматылықтар жұқтырып жатқанын хабарлады. Осылай соңғы екі аптада шаһарда коронавирусқа шалдығу дерегі екі есеге өсіп, қала «сары» аймаққа өткен. Сондықтан Ержан Бабақұмаров тұрғындарды белсенді екпе алуға шақырды. Бүгінде мегаполисте вакцинаның бірінші компонентімен 1 млн 77 мың 896, екінші компонентімен 1 млн 28 мың 180 алматылық егілген. Ал ревакциналаудан 69 018 адам өтті.