Оның айтуынша, бұрын бір-екі өлім болғанда комиссия мамандары әрбір қазаны зерттеуге үлгеріп отырған
Коронавирустан қайтыс болған 76 адамнан бөлек тағы 110 науқастың өлімі зерделеніп жатыр. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.
Бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі коронавирустан қайтыс болған науқастардың нақты есебін апта сайын жариялау туралы шешім қабылдаған болатын. Себебі арнайы комиссия әрбір жағдайдың себебін жан-жақты зерделейді. Соңғы мәліметке сәйкес, 30 маусым мен 6 шілде аралығында республика бойынша 76 адам коронавирус инфекциясынан көз жұмды.
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, бүгінде тағы 110 адамның өлімі жан-жақты зерделеніп жатыр.
«Қазіргі ақпаратқа сәйкес, бір аптаның ішінде 76 адам коронавирустан қайтыс болды. Бұдан бөлек, тағы 110 жағдайды зерделеп жатырмыз. Пациенттер сан алуан патологиядан қайтыс болды. Соның бәрін комиссия жан-жақты зерттеп жатыр», – деді Цой бүгінгі онлайн брифингте.
Оның айтуынша, бұрын бір-екі өлім болғанда комиссия мамандары әрбір қазаны зерттеуге үлгеріп отырған. Бүгінде ондай жағдайлар күрт өсті. Ал мамандар өлімнің нақты себебін анықтауға үлгермей жатыр. Осыған байланысты коронавирус инфекциясынан қайтыс болған адамдардың статистикасын апта сайын жариялау туралы шешім қабылданды.