Трамп коронавирустың өршуіне байланысты Қытайдан қыруар қаржы талап етпек

28.04.2020 17:49

Алайда АҚШ президенті нақты соманы атаған жоқ

politeka.net

Америка Құрама Штаттарының билігі коронавирус инфекцияның таралуы туралы заң жобасын дайындауға ниетті. Бұл туралы Америка президенті Дональд Трамп мәлімдеді деп хабарлайды Kaz.nur.kz.

Баспасөз конференция барысында Трамптан билік Германия сияқты коронавирус үшін Қытайға есепшот қоя ма деп сұрады. ТАСС мәліметінше, Германия аспан асты елінен қаржылық талаппен 130 миллиард доллар сұрады деген болжам бар. Бұған жауап ретінде Трамп АҚШ пен Германия қазіргі уақытта бұл жағдайды зерттеп жатқанын мәлімдеді. Оның айтуынша, Америкада одан да көп ақша туралы әңгіме жүріп жатыр.

Алайда АҚШ президенті нақты соманы атаған жоқ. Одан бөлек, Трамп коронавирустың жаппай таралуына байланысты тағы да Қытайды айыптады. Соңғы деректерге сүйенсек, әлемде коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың саны 3 миллионнан асты. Оның екі жүз мыңға жуығы аталған дерттен көз жұмса, бір миллиондай науқас айығып, ауруханадан шықты. Ал Қазақстанда қауіпті індет 2950 адамнан анықталды.