Министр Алматыда жаңа салынған ауруханадағы науқастардың жағдайын білді

23.05.2020 17:59

Коронавирус жұқтырғандарға арналған инфекциялық аурухана 18 күнде тұрғызылған

пресс-служба

Елжан Біртанов Алматы қаласындағы жаңадан салынған жұқпалы аурулар ауруханасына барып, коронавирус инфекциясынан емделіп жатқан пациенттердің жағдайын білді, деп хабарлайды Almaty.tv.

COVID-19 жұқтырған пациенттерді емдеуге арналған инфекциялық аурухана рекордтық мерзімде (18 күн) тұрғызылған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов модульдік кешенде орналасқан «И.С. Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы»  филиалында еңбек етіп жатқан дәрігерлермен жүздесті және науқастардың да жағдайын сұрады.

«Госпитальда жақсы жағдай жасалған,  емделудеміз. Медицина қызметкерлері өте мұқият, әрдайым сөзімізді жерге тастамайды және қиын кезде  үлен қолдау көрсетті», - деді Анастасия Захарова (аты-жөні өзгертілді).

Министр де науқастың тез сауығып кетуін тіледі.

Аталған жұқпалы аурулар ауруханасында 280 төсек-орын , 6 клиникалық бөлімше, 28 төсектік реанимация бөлімшесі бар. Медициналық  жабдықтар: рентген жүйесі, компьютерлік томография, ультрадыбыстық диагностика аппараттары, эндоскопиялық жабдықтар, өкпені жасанды желдету аппараттары, мониторлар, перфузорлар және т. б. орнатылған және жұмыс істейді.

Елжан Біртанов, әсіресе, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге ерекше көңіл бөлді. Министр әріптестеріне  қиын да, жауапты сәтте көрсеткен  адал қызметтері үшін алғыс айтты. Сондай-ақ, ол медицина қызметкерлеріне арналған қосымша төлемдерге қатысты сөз қозғады.

«Маған жалақыдан басқа әлеуметтік төлемдер бөлінді», - деді бас медбике Сайраш Дикимова министрмен әңгіме барысында.

Ал Біртанов қазір медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі  басты міндеттердің бірі екенін айтты.

Анықтама: жұқпалы аурулар ауруханасы 2020 жылғы 26 сәуірден бастап короновирус  инфекциясын жұқтырған науқастарды қабылдауда.  Қазір  COVID-19 диагнозы қойылған 251 пациент емделуде