Коронавирус: БҚО-да соңғы тіркелген екі тұрғын Ресейден келген

12.04.2020 17:55

Қазіргі таңда облыста науқастар саны 8-ге жетті

Фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында 11-12 сәуір күндері коронавирус жұқпасымен тіркелген екі тұрғын Ресейден келген болып шықты, деп хабарлайды Almaty.tv ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

БҚО Тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, екі науқас та – Мәскеу қаласында жұмыс істеп, елге оралған облыс тұрғындары.

Саратов облысы арқылы келген аталған қос тұрғыннан «Тасқала» автоөткеліндегі санитарлық-карантиндік бекеттен өткен кезде дене қызуы бар екендігі анықталды. Содан кейін Оралдағы провизорлық госпитальға жеткізіліп, коронавирусқа шалдыққаны белгілі болған соң облыстық Жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды.

Бұл екеуінің қасында тағы алты жолаушы болған. Олардан коронавирусқа алынған сынама теріс нәтиже көрсетті. Қазіргі кезде карантиндік стационарда жатқан бұл тұрғындар содан кейін 14 күн бойы үйлерінде бақыланады.

Осылайша БҚО-да науқастар саны 8-ге жетті. Олардың жетеуі Ресейден келген болса, біреуі – Атыраудан оралған Орал қаласының тұрғыны.

Бұлармен қарым-қатынаста болған 79 адамның бәрі үйлерінде оқшауланды.

«Өңірде Ресеймен шекарада орын тепкен «Тасқала», «Сырым», сондай-ақ Ақсай қаласы (Бөрлі ауданы) және Жәнібек ауданындағы автоөткелдердегі санитарлық-карантиндік бекеттерде бақылау жұмыстары күшейтілген. Оған қоса транзиттік жүк көліктері Орал қаласына кірмей, айналып өтеді. Мұның бәрі індетті облысқа кіргізбей, алдын алу мақсатында жасалуда», - деді М.Арыспаев.