Ақмола облысында бір отбасы түгел коронавирус жұқтырған

05.06.2020 17:57

Қауіпті індетті отбасының 3 баласы да жұқтырған

Фото: ашық дереккөзден

Ақмола облысында 5 адамнан коронавирус инфекциясы табылды. Олардың барлығы бір отбасының мүшелері, деп хабарлайды Almaty.tv Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, індет жұқтырғандар – Целиноград ауданының Қараөткел кентіндегі бір үйде тұратындар. Коронавирус инфекциясы 1964 жылғы ер адам, 1991 жылғы әйел, сондай-ақ 2011, 2014 және 2019 жылғы балалардан анықталды. Бұлардың барлығы бұрын коронавирус жұқтырған адаммен жақын байланыста болған және олардан эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша сынама алынған. Науқастар Көкшетау қаласындағы Ақмола облыстық туберкулезге қарсы диспансерінің станционарында емделетін болады.

«Үй ошағында эпидемияға қарсы іс-шаралар қолға алынуда. Науқастармен байланысты болған адамдары анықтау бойынша санитарлық-эпидемиологиялық шаралар жүргізілуде. Сондай-ақ, дезинфекциялау ұйымдастырылуда», - дейді ведомстводан.

Осы жағдай тіркелгенге дейін облыстың стационарларында 27 науқас болған, оның ішінде уақытша стационарда – 16, инфекциялық стационарда – 11, үй карантинінде – 482 адам оқшауланған.