Италияда көшеде маска тағу режимі алынып тасталды

09.02.2022 20:09

Бұл Италия үкіметінің коронавирусқа қарсы шектеулерді жеңілдетуге бағытталған алғашқы қадамы

©REUTERS


Енді туристер Еуропа елдеріне еш кедергісіз кіре алады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Себебі ондағы бірқатар мемлекет карантиндік шектеулерді жеңілдетіп жатыр. Мәселен, Португалияға саяхаттайтын азаматтар екпе алған болса, онда ПТР сынамасының нәтижесін ұсынуға міндетті емес. Бұл талап вакцина салдырмаған адамдарға ғана қолданылады. Дәл осы ереже Грекия мемлекетінде де жүзеге асырылмақ. Бірақ онда кіретін туристер екпенің үдеткіш мөлшерін алуы қажет.

Сондай-ақ Францияда коронавирусқа шалдығу жағдайы азайса, вакцина алған шетелдік қонақтардан вирусты жұқтырмағанын растайтын құжат сұралмайды. Ал Италия мен Испанияда жергілікті тұрғындардың көшеде бетпердесіз жүруіне рұқсат етілді. Бұл ереже қоғамдық орындарда қолданылмайды.

«Медициналық бетпердені қоғамдық орындарда тағу режимі әлі де сақталуы керек. Сондай-ақ 1,5 метр арақашықтықты сақтау мүмкін емес жерлер мен ашық аспан астында өтетін іс-шараларда, концерттерде маска тағу қажет», - деді Испания үкіметінің баспасөз хатшысы Исабель Родригес Гарсия.

Ал Қазақстанда коронавирус жұқтырған науқастар қатарының өскені байқалады. Соңғы мәлімет бойынша өткен тәулікте вирусты 3 мыңнан аса отандасымыз жұқтырған. Алматы қаласы әлі де вирус жұқтыру дерегі бойынша көш бастап тұр. Мұнда бір апта бойы сырқаттанғандар саны мыңнан түсер емес. Бірақ елорда мен Қарағанды, Павлодар облыстарында COVID-19 инфекциясымен ауырған адамдар үш есеге азайды. Қазір «жасыл» аймақта Шымкент қаласы мен Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары тұр.