Қызылорда облысында ауыл тұрғыны карантин талаптарын сақтамай, 100-ге тарта адам жиналған көкпар ұйымдастырған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Оқиға Жаңақорған ауданына қарасты Екпінді ауылында болды. Жергілікті тұрғын 100-ге тарта адам жинап, көкпар ұйымдастырған.
Өңірде карантин шектеулерінің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында арнайы мониторингілік мобильді топ құрылған. Топ құрамында жергілікті атқарушы органдар, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, еріктілер және қоғамдық көмекшілер бар. Олар бүгінгі күнге дейін 758 құқық бұзушылықты анықтады.
«Тиісті талаптарды сақтамайтын тұрғындар аз емес. Мәселен, Қызылорда қаласының 35 жастағы тұрғыны 60 адамды жинап, үйлену тойын өткізген. Осындай жағдай Арал ауданында да тіркелді. Облыс орталығындағы ойын-сауық кешенінің бірінде 150 адамға жиналған той өтіп жатқаны белгілі болды. Бұл деректер бойынша әкімшілік хаттама рәсімделді. Тиісті шара көру үшін Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды», – деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.