Шымкентте 100 жастағы әже пневмониядан жазылып шықты

17.09.2020 18:58

Қызтай Дүйсебекова осылайша жүзге толған туған күнін жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлермен бірге қарсы алды

inform.kz

Шымкентте 100 жастағы әжей пневмониядан жазылып шықты. Екі ғасырдың куәсі болған қарт кісіні медицина мамандары 100 жасқа толған күнінде ауруханадан шығарып салды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қызтай Дүйсебекова осылайша жүзге толған туған күнін жұқпалы аурулар ауруханасында дәрігерлермен бірге қарсы алды. Қария 7 қыркүйек күні Асар шағынауданындағы ауруханаға ауыр халде жедел жәрдем көлігімен жеткізілген болатын. Дәрігерлер науқасқа өкпенің компьютерлік томографиясын жасап, өкпе тінінің 55% зақымдалғанын анықтаған. Бұған қоса қарт кісінің асқазанындағы жарасы асқынған. Мамандар әжейді бөлімшеге жатқызып, вирусқа қарсы терапиялық ем жүргізген. Нәтижесінде қарт ана толығымен айығып, үйіне қайтарылды. Зейнеткер дәрігерлерге алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

«Түскен кезде жағдайы ауыр болатын. Оған хаттамаға сәйкес жүргіздік. Қазір жағдайы бір қалыпты», – дейді емдеуші дәрігер Ләззат Тіленшина.