Елордада карантин талаптарын бұзған 770-тен астам адам жауапқа тартылды

02.11.2020 18:07

Бүгінгі күні жалпы сомасы 129 781 525 теңге болатын 613 әкімшілік айыппұл төленді

astana.gov.kz

Елордада карантин талаптарын сақтау және коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу үшін мобильді топтар рейд жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

Ережелерді елемейтіндерді полицейлер, еріктілер, тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының, аудандық әкімдіктердің өкілдері анықтайды. 

26 қазан мен 1 қараша аралығында мобильдік топтар Алматы ауданында – 61, Байқоңыр ауданында – 49, Есіл ауданында – 57, Сарыарқа ауданында – 33 заң бұзу тіркелді. 

Тексерушілер атап өткендей, бұған дейін әкімшілік жауапкершілікке тартылған бірқатар ШОБ субъектісі кемшілікті қайталаған. Жиі кездесетіндері - ұжымдық және отбасылық мерекелерді өткізу, жұмыс режимін сақтамау. 

Мәселен, 30 қазанда сағат 23:37-де «БХБ» түнгі клубына полицейлер жүргізген тексеруде 500-ге жуық адам болған. 

«Келген клиенттер мен қызметкерлер байқалмай қаламыз деп үміттеніп, есікті жауып алған. Клубта жарты мыңдай адам көңіл көтерген және ешкім бетперде мен әлеуметтік қашықты сақтамаған»,– дейді полиция қызметкерлері. 

31 қазан күні «Шаңырақ» мейрамханасында той өткізілді. Мерекеде 60 адам болған. 

Сол күні сағат 23:41-де мобильді топ санитарлық норманы сақтамай жұмыс істеген «Quartet» караоке клубын анықтады. Клубқа 80-ге жуық адам келген. Сондай-ақ, мобильді топтар «Сәлем» базарына қатысты материалдар жинады. Бас санитарлық дәрігердің бұйрығына қарамастан, нысан әкімшілік демалыс күні базарды ашып қойған. 

Автокөлік жуу орындарына,тігін шеберханаларына және басқаларға да ескерту жасалды. Барлық деректер бойынша материалдар Нұр-Сұлтан қаласының тауарлар мен көрсетілген қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды. 

1 қарашадағы жағдай бойынша аудандық полиция басқармаларынан 1 781 материал келіп түсті. 779 жеке және заңды тұлға жалпы сомасы 161 727 378 теңге болатын әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

Бүгінгі күні жалпы сомасы 129 781 525 теңге болатын 613 әкімшілік айыппұл төленді.