Шетелден ұшып келген қазақстандықтар ПТР нәтижесін 5-6 сағат өткен соң алады

22.10.2020 18:10

22 қазан түнінде 10 халықаралық рейспен 1383 жолаушы келген

inform.kz

22 қазан түнінде 10 халықаралық рейспен 1383 жолаушы келген. Соның ішінде 1230 жолаушының ПТР-анықтамасы болса, қазақстандық 153 адамның тиісті анықтамасы болған жоқ. Бұл туралы Көліктегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Сәдуақас Байғабылов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Түркиядан Шымкентке келген барлық әуе жолаушыларының COVID-19 вирусына тапсырған ПТР-анықтамалары болды. 10 халықаралық әуе рейсі, 1383 жолаушы ұшып келді. Соның ішінде 1230 адамның анықтамасы бар болса, Қазақстанның 153 азаматы анықтамасыз ұшқан, соның ішінде: Нұр-Сұлтанға – 3 әуе рейсі келді, онда 398 жолаушысы болған, анықтамамен – 361 адам, анықтамасыз – 37 адам. Алматы қаласына ұшып қонған 6 әуе рейсімен 899 жолаушы келген. Соның ішінде 783 адамның анықтамасы бар болса, 116 адам анықтамасыз ұшып келді», – деді Сәдуақас Байғабылов желідегі парақшасында. 

Оның айтуынша, Қазақстанға арнайы анықтамасыз ұшып келген ел азаматтары ПТР талдау тапсыру үшін Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында тегін карантиндік стационарларға жатқызылады. 

«Карантинге жатқызылған Қазақстан азаматтары ПТР қорытындысын талдау тапсырылған кезден 5-6 сағат өткен соң алады. Жолаушылар халықаралық әуе рейстерімен БАӘ, Түркия, Украина, Беларусь, Ресейден ұшып келген еді. ПТР тест тапсыру туралы анықтама қағаз үлгісінде де, электрондық тасымалдаушыда да (смартфон) жарамды»,– деп толықтырды ол.