Бұдан былай Алматыда қоқыс жәшіктері жаппай дезинфекциядан өтеді

15.03.2020 18:12

Жетісу, Алатау және Медеу аудандарындағы тұрмыстық қалдықтарды таситын орындар арнайы қоспамен шайылды

Almaty.tv

Алматыда коронавирустың алдын алу мақсатында тазалық шаралары жалғасып жатыр. Бұдан былай қалада қоқыс жәшіктері жаппай дезинфекциядан өтеді. Осы уақытқа дейін Жетісу, Алатау және Медеу аудандарындағы қатқыл тұрмыстық қалдықтарды таситын орындар арнайы қоспамен шайылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Енді жұмыстар қалған бес ауданда да жалғасады. Қоқыс тасумен айналысатын компаниялар тазалауды жиі өткізуге бекініп отыр. Тіпті жұмыс істеу кестесі қайта қаралып, дератизация мен дезинфекцияға көбірек уақыт бөлінген.

«Біз қолдан келгенше тазалық жұмыстарын жиі жүргізетін боламыз. Өйткені қазір ол өте маңызды. Көрсеткен қызметіміз мінсіз болуы үшін жұмыс істеу кестесін өзгерттік. Бұрынғы кестені қайта қарап, дезинфекцияға көп көңіл бөлетін боламыз», - деді қоқыс таситын компанияның директоры Олеся ХАСАНОВА.