Атырауға 20 тонна дәрі-дәрмек жеткізілді

27.07.2020 18:18

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен алдағы үш-төрт күнде тағы да 40 тонна дәрі-дәрмек әкелінбек

atr.kz

Қауіпті індеттің таралуын тежеу үшін Атырауға  20 тонна медициналық препараттар  жеткізілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

Облыс әкімінің орынбасары Ержан Әбілхановтың мәлімдеуінше, оның ішінде аспирин, азитромицин, цефазолин, цефтриаксон, система қоюға арналған сұйықтық, офлоксацин және  өзге де  дәрі-дәрмектер бар. 

«Соңғы екі аптада өңірге 80 тоннадан астам дәрі-дәрмек жеткізілген еді. Бірақ, дәріханаларда қауіпті вирусқа қарсы, сондай-ақ, қызу түсіретін дәрілердің әлі де жетіспейтінін анықтадық. Осыған орай облыс әкімінің тапсырмасымен "Атырау" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы" АҚ тарапынан арнайы қаражат бөлінді. Бұл кәсіпорын бөлінген қаржыға Ресейдегі Нижний Новгород қаласынан 20 тоннаға жуық медикаментті сатып алып, "Теңізшевройлдың"  ұшағымен жеткізіп берді», – деді Ержан Әбілханов. 

Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен алдағы үш-төрт күнде тағы да 40 тонна дәрі-дәрмек әкелінбек.