Атырауда эпидемиологиялық ахуал дабыл қағарлық жағдайда. Өткен жылы індеттің басты ошағы Теңіз вахталық кеніші болса, биылғы індет жұқтырғандар облыс орталығында көбейіп тұр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Айқын газетіне сілтеме жасап.
Атыраулық дәрігерлер коронавирустың 8 наурыздан соң күрт артып кеткенін айтып отыр. Өйткені батыс өңірлерде сақталған көрісу дәстүрі мен той-томалаққа бару толастамай тұр.
Атырау облысының бас санитар дәрігері Мәдениет Танауов онлайн брифинг барысында эпидемиологиялық тергеу нәтижелерін жариялады. Осыған байланысты ол тұрғындарды адам көп жиналатын іс-шараларға қатыспауға және барлық қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды.
Аймақта коронавирус жұқтырғандардың 41 пайыздан астамы ауысым жұмысшылары. Ал 22 пайызы – науқастармен байланыста болған адамдар, 28 пайыздан астамы – түрлі іс-шарада, 7,6 пайызы қоғамдық көлікте жұқтырған.
Атырау облысы бойынша 6 сәуірдегі коронавирус жұқпасының эпидемиологиялық жағдайына келсек, осы жылдың 28 наурызы мен сәуірі аралығында коронавирус инфекциясының 19 207 жағдайы тіркелген.
Инфекция жұқтырғандардың дені Атырау қаласынан анықталып отыр.