Коронавирус жұқтырып алған Алматы облысының әкімі Амандық Баталовты елордадағы кардиологиялық орталыққа әкелді. Бұл туралы онлайн-брифингте Алматы облысының әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
«Өздеріңіз білесіздер, Амандық ағада коронавирус індеті үш апта бұрын анықталған. Ол емдеу курсынан өтті. Бірақ ентігуі басталып әрі жүрек жетіспеушілігінен дәрігерлер Нұр-Сұлтан қаласындағы кардиологиялық ауруханаға жеткізу туралы шешім қабылдады», – дейді Батыржан Байжұманов.
Ол қазір Алматы облысы әкімінің жағдайы жақсарып келе жатқанын айтты.
«Амандық Ғаббасұлы қазіргі кезде қажетті ем-домдарын алып жатыр. Жағдайы біраз жақсарып қалды. Өздеріңіз білесіздер, өзі үнемі спортпен айналысады, денсаулығы өте мықты. Сондықтан жақын арада жазылып шығып, жұмысына кіріседі деп үміттенеміз», – дейді облыс әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Алматы облысының әкімі Амандық Баталов 22 маусымда коронавирус жұқтырған болатын. Бастапқыда вирустың симптомсыз түрі анықталған.