23 маусымда Алматы қаласының Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен онлайн-брифингте қала тұрғындарының карантин талаптарын сақтамайтынын хабарлады. Ересектер мен балалар жаяу жүргіншілер жолы мен скверлерде бейқам жүруде. Бұл коронавирус инфекциясының жаңа толқынын тудыруы мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv.
Журналистердің сұрақтарына жауап берген Жандарбек Бекшин қарқынды эпидемиологиялық жағдайға қарамастан, жаңа штаммдардың айналымына байланысты локдаунды енгізу жоспарланбағанын мәлімдеді.
«Барлығы біздің тәртіпке, эпидемияға қарсы шараларды сақтауға байланысты. Әрине, жаңа штамдардың анықталғаны туралы ақпарат алғанмен, біздің медициналық желі сырқаттанушылық күрт өскен жағдайда ғана дайындық жүргізеді», – деді Ж. Бекшин.
Ол бұған дейін Алматыда үшінші толқын кезінде ковидтік емханаларда 6 060 төсек-орын барын айтты. Аурудың азаюына байланысты олардың саны 1700-ге дейін төмендеді. Ауру жұқтыру артқан жағдайда емдеу мекемелері қайта бақылау жүргізеді.
«Бүгінде локдаунға қатысты мәселе тұрған жоқ. «Дельта» штамын жұқтырған бір жағдай анықталды. Локдаунға жол бермеуіміз керек. Ол үшін эпидемиологтар сіздің алдыңызға қойған барлық шектеу шараларын сақтау қажет», – деді Ж. Бекшин.
Алматының Бас санитарлық дәрігері қала тұрғындарын екпе алуға, сондай-ақ бетперде режимі мен қоғамдық орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтауға шақырды.